Yessenov University президенті Берік Ахметов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында жасанды интеллект арқылы білім экономикасына тың серпін беріп, инновациялық экожүйе құруды қолдайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Берік Ахметовтың айтуынша, мемлекет басшысы экономиканы да, саясатты да, идеологияны да бөліп-жармай, қатар реформалауды жалғастыра беретінін айтты. Енді аймақтардың мәселесін орталықтан ғана басқару жүйесі өзгеріп, өңірлердің өкілеттілігін кеңейтуге көңіл бөлетінін білдірді. Әсіресе, әлеуметтік бағыттағы бастамалары халықтың да, нарықтың да қазіргі жағдайын ескере отырып қолға алынғанына көзіміз жетіп отыр.
- Қызметкерлердің еңбек ақысын арттыру, жұмыссыздық мәселесін шешу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен қысым көрсетуге жол бермеу, денсаулық пен білім саласындағы сапа және қолжетімділік мәселелері күн тәртібінен түспей тұрғаны шындық. Соның ішінде жеке өзімді қатты қызықтыратын әрі қызмет бабында қажеттілік туғызатын екі тақырып көңіліме қонып тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланатын кезге келдік. Осы салаға қажетті кадрлар дайындау мен зерттеулер жүргізу туралы Жолдаудағы тапсырмасы – уақыт талабынан туған. «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек», – деген Президент пікірін қолдап-қуаттаймын, - дейді Берік Ахметов.
Сонымен қатар ол «Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек», – деген тапсырмасын Yessenov University базасында да іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.
"Ақырын жүріп, анық басуға дағдыланған Президентіміздің қысқа және ұзақ мерзімді жоспарларын жүйелі түрде жүзеге асыру тетіктерін табу әрбір іс басындағы азаматтарға сеніп тапсырылды. Ортақ жауапкершілігімізді толық сезінеміз. Тиісті міндеттерімізді орындап, үміт үдесінен шығуға тырысамыз", - дейді Yessenov University президенті Берік Ахметов.