Ақтауда «Bala land» атты жаңа балабақша ашылды. 300 орындық балабақша 7-шағын ауданда орналасқан, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа балабақша сенімгерлікпен басқаруға берілген. Тәрбиешілер мен ата-аналар қатысқан іс-шарада балабақша тәрбиеленушісі Томирис Бектұрғанова «Балабақшам» әнін шырқады. Ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали қатысып, сөз сөйледі.
-Балаларды толығымен балабақшамен қамтамасыз ету мақсатында әр түрлі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі осы жаңа балабақшаның ашылуы. Бүлдіршіндердің қазіргі алған сапалы білімі мен тәрбиесі еліміздің көркеюі жолында өз септігін тигізеді деп есептеймін. Балалардың болашағы жарқын болсын!, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Жаңа балабақша бүлдіршіндерге қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Атап айтқанда, білім ошағында гимнастика, вокал, құм терапиясы, қол моторикасын дамытуға арналған кабинеттер бар. Сонымен қатар балабақшада 65 маман жұмыс істейді.
-Балабақшада балалар өзін жайлы сезіну үшін барлық жағдай жасалған. Балалардың дамуына арналған 6 оқу кабинеті бар. Сонымен қатар бүлдіршіндердің тілін дамыту мақсатында логопед маманы жұмыс істейді, - деді балабақша директоры Әсел Романқұл.
Жалпы жыл басынан бері Ақтау қаласы бойынша 15 жекеменшік балабақша ашылды.