Маңғыстауда жыл басынан бері туберкулез ауруын жұқтырған 167 науқас тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 1,21 есеге төмендеген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаевтың айтуынша, биыл жасөспірімдер арасында туберкулез ауруының 5 жағдайы тіркелсе, 2022 жылы 11 жағдай тіркелген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, аурушаңдық деңгейі жасөспірімдер арасында 6 жағдайға төмендеді.
Сондай-ақ, брифинг барысында Маңғыстау облыстық фтизиопульмонология орталығы балалар және жасөспірімдер бөлімшесінің бөлім меңгерушісі Қарашаш Заркулова туберкулез ауруының алдын алу шараларына тоқталды.
- Туберкулез ауруын алдын алып, жұқтырмау үшін таза ауада серуендеп, күн және су процедураларымен, дене шынықтырумен айналысу қажет. Сонымен қатар демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлестіріп, дәрумендерге бай, жеткілікті және уақтылы ұйқы да аурудың алдын алуға септігін тигізеді. Яғни, дұрыс гигиеналық тәртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етіп, туберкулез ауруынан қорғайды,- деді Қарашаш Заркулова.