Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төрінде өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, бұл күнді Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Бұл бастама халықтың қолдауына ие болып, елімізде кеңінен тойланып жатыр. Ел экономикасына сүбелі үлес қосқан мұнайшылар осынау мереке қарсаңында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының бас кеңсесінде салтанатты іс-шараға жиылды.
Ұлт үшін шоқтығы биік мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқарма басшылары мұнайшылар қауымын Республика күнімен құттықтады.
– Құрметті мұнайшылар! Осыдан 32 жыл бұрын 25 қазан Республика күні ретінде жарияланып, еліміз егеменді, тәуелсіз мемлекет деп танылды.
Еліміздің Президенті айтқандай, бұл қазір біз үшін басты мейрамдардың бірі болмақ. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіздік кезеңінде еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Мемлекетіміз нығайып, экономикамыз өркендеу үстінде. Осы жолда мұнайшылардың қосқан үлесі өте зор. Алар асулар әлі алда. Бәріңізге зор денсаулық, мол табыс тілеймін, - деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Арман Камматов.
Бас директордың бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Чэнь Цзунсян және «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәди Кентанов компания қызметкерлеріне зор жетістіктер тіледі.
Мерекелік іс-шараның қадірлі қонақтары – «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бұрынғы Бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері, 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Бірінші дәрежелі «Барыс» орденін алған құрметті ардагер Мұрат Кұрбанбаев, облыстық «Үздік еңбек әулеті – 2022» байқауының жеңімпазы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, сала ардагері Мұратбай Жақсығатов және компанияда 41 жыл қызмет етіп, өндіріс тасын өрге домалатқан Талғат Даутов та ақжарма тілектерін арнады.
– Құрметті әріптестер, өздеріңізбен осынау мерекеде қауышып отырғаныма қуаныштымын. «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясында көп жылдар жұмыс істеп, оған басшылық еткен кезеңдерімді мақтан тұтамын. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ осы өңірде өндірістің өркендеуіне, ел экономикасының алға басуына үлкен ықпал етті. Бұл компанияның, осы мекемедегі азаматтардың еңбегі деп білемін. Әр уақытта табысты, бақытты болыңыздар. Қазақстан егеменді ел болып, үлкен мемлекеттермен терезе теңестірді.
Тәуелсіздігіміз баянды болсын, тәуелсіздік нығметін үрім-бұтақтарымыз көрсе деген үміттемін. Республика күні құтты болсын, - дейді «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бұрынғы Бас директоры, құрметті ардагер Мұрат Кұрбанбаев.
– Маңғыстауда ең алғаш мұнай бұрқағы атқылап, ашылған кезден бері 50 жылдай осы өндірісте қызмет істедік. Қарап отырсам, осы мерекеге жиылған мұнайшы жастардың көпшілігін танымайды екем, ал бірақ аты-жөн, тектері айтылған кезде бәрін де танитынымды байқадым. Сендердің әке-шешелеріңнің біршамасы бізбен үзеңгілес еңбек еткен. Міне, аға буынның ізін жалғап сендер де еліміздің әл-ауқатын арттыру жолында талмай-тынбай еңбектеніп келесіздер. Сол еңбектерің табысты болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыз бақуатты болғай. Мереке құтты болсын, - деп тілек білдірді «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, сала ардагері Мұратбай Жақсығатов.
Салтанатты рәсімде өндірістің озат еңбек иелеріне «Самрұқ-Қазына» АҚ Құрмет грамотасы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Естелік белгісі мен Құрмет грамотасы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, сондай-ақ компания Кәсіподағы ұйымының марапаттары беріліп, сый-сияпаттар табысталды.
Өндірісте ер азаматтармен иық тіресіп қызмет етіп келе жатқан қайсар рухты қыз-келіншектер аз емес. Мұнай-газ саласында үздік жетістіктерге қол жеткізе жүріп, аяулы жар, ардақты ана деген мәртебелі міндеттерін мүлтіксіз атқарып, қаншалықты ұлық болса да соншалықты кішік бола алар, дидарласқан адамын ширақтығымен тәнті етіп, айналасына шуағын шашып жүрген апаларымызды қалай мадақтаса да жарасады.
– Бір цехта, бір қызметте табан аудармай 40 жыл бойы жұмыс істеп келеміз. Бүгінде «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында кешенді мұнайды дайындау және өткізу цехының тауар операторымын. Марапаттың үлкен-кішісі болмайды. Компания басқармасына үлкен алғыс айтамын. Еңбегімізді елеп, мерекеде мейман етіп, сый-сияпат табыстады. Қатты қуанып тұрмын. Осы түбектің түлеюіне азды-көпті еңбегіміз сіңді. Бүгінгі кеште мерейі өскен барша әріптестерімді құттықтаймын. Елімізде тыныштық, молшылық болғай, - деді Күнсұлу Таңатова.
Республика күніне арналған салтанатты жиынның ажарын қазақтың дәстүрлі сазын жаңғыртқан «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі ашып, Аида Байгелова, Фариза Ретбайқызы, Данияр Ғұбайдулла, Айнұр Омарова, Алпысбек Оңайбайұлы сынды елімізге белгілі өнерпаздар мерекелік кештің шырайын келтірді.