Маңғыстаулықтар үшін өзге кәсіптен гөрі балық шаруашылығы әлдеқайда жақынырақ. Дегенмен, кәсіпті нәсіпке айналдырып, нан тапқан балықшылар бұл саладағы қиындықтардың барын да жасырмайды. Mangystaumedia.kz сайтының тілшісі облыстағы балық шаруашылығымен айналысатын субъектілер мен балықшылардың пікірін тыңдап, мәселелермен танысты.
Биыл Маңғыстауда 33 балық шаруашылық учаскесінде 17 табиғат пайдаланушысы бар. Оның 12-сі – Түпқараған ауданында болса, қалған 5-і – Қарақия ауданында орналасқан. Облыста орналасқан жер учаскесінде балық аулау квотасын жеңіп алған кәсіпкердің 12-сі – Маңғыстаулық, бұдан бөлек Атырау облысынан да 5 субъект бар.
– Былтыр жылдық жоспар 50% ғана орындалды. Өйткені балық шаруашылығында кездесетін мәселелер жоқ емес. Ең бірінші мәселе – квота бөлу кезінде. 17 табиғат пайдаланушысының 5-і – Атыраулық. Басқа жақтағы субъекті мен балықшылар Маңғыстауға келіп, балық ауламайды ғой. Олардың біздің облыста балықты қабылдайтын, өңдейтін пункті және дүкендері мен павильондары жоқ. Яғни берілген учаскеден ауламағандықтан облыстың ортақ есебінде ол көрінбейді. Екінші мәселе – 2021 жылға дейін Маңғыстауда бөлек аумақтық инспекция бар еді. Қазір БҚО, Маңғыстау мен Атырау облыстары Жайық-Каспий облыс аралық басейінінің балық шаруашылығы инспекциясына қарайды. Егер Маңғыстауда қайтадан бөлек аумақтық инспекция құрылса балықшыларға да, субъектілерге де тиімді болар еді,- деп бөлісті түпқарағандық балықшы.
Бұдан бөлек, балықшының айтуынша, егер балық шаруашылығы Экология министрлігіне емес, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі болса – жұмыс ретін бақылау оңай болып, даму көрсеткіші артпақ. Аумақтық инспекциядағы маман тапшылығына байланысты балық ауланғаннан кейінгі тексеріс және қабылдау тиісті деңгейде атқарылмайтын көрінеді.
- Жайық-Каспий облыс аралық басейінінің балық шаруашылық инспекциясының уәкілетті органы – Экология министрлігі. Ал ведомствосы – балық шаруашылық комитеті аумақтық бөлімшесі Жайық-Каспий облыс аралық басейіннің балық шаруашылығы инспекциясы, ол – Атырауда ораласқан. Ол – мемлекеттік бақылау мен қадалағалауды жүзеге асырады. Қазір балық шаруашылығында цех те, қабылдау пункті мен балық аулайтын су кемелері де, сақтайтын мұздатқыш та жоқ, - деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Мулдашев.
Сонымен қатар, балық шаруашылығында биоресурстық төлемге қатысты да мәселелер бар. Мысалы табан балық, сазан, қаракөз, көксерке сынды балықтарды аулғаны үшін субъект биоресурсқа төлем жасайды. Сондықтан кәсіпкерлер аулаған ақылы балық санын есепке кейде азайтып жазса, кейде мүлде ауламағандай көрсетеді.
- Каспий теңізі әлі толық зерттелмеген. Жұмыс барысындағы кедергілердің бірі – тізімде көрсетілген балықтың квота бойынша бөлінген жерде болмауы. Атап айтар болсақ, теңіздің солтүстігінде бар балық оңтүстігінде мүлде кездеспейді. Мысалы солтүстікте – тікен балық(кефаль), табан, сазан, қаракөздер болса, оңтүстікте - жоқ. Сондықтан теңізде зерттеу жұмыстарын әлі де жүргізу қажет,- деді Балық шаруашылығы қауымдастығының Маңғыстау бойынша басшысы Рахым Кадиров.
Биологиялық негіздемеде бар деп көрсетілген балықтың жоқтығы – жылдық жоспардың орындалуына ғана емес, квота алу кезінде де кедергі тудыратын көрінеді. Өйткені кәсіпкер жоспарды толық орындаса – жаңа квота ұтып алу мүмкіндігі артпақ.
Балықшылардың айтуынша, құрал жетіспеушілігі тек субъектілердің емес, бақылаушы органның да мәселесі. Қажетті техниканың жоқтығынан облыстағы субъектілерге берілген аумақты толық игере алмай, тексеріс жұмыстары тиісті деңгейді ұйымдастырылмайды.
- Квотаны ұтып, балық аулайтын учаске белгіленгеннен кейін кәсіпкер-инспекция-облыс әкімдігі арасында 3 жақты келісім-шарт жасалады. Оған сәйкес объектілерде балық қабылдау пункті мен тасымал көлігі болуы керек. Өкінішке қарай, бұл шарт та орындалмай жатады. Кейде кәсіпкер балықшыны емес, балықшы кәсіпкерді қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, өз құралдарымен жұмыс жасайды,- деп қосты Түпқарағандық балықшы.
Балықшыдар ауланған балықты сақтау мәселесі туралы да айта кетті. Қазір көп балықшы 500кг дейін сақтау қоймаларын үй жайында жасаған. Үйлеріне, өзге де орындарға арнайы мұздатқыштар орнатып, өңдеумен де өздері айналысуда. Облыс тұрғындары көбіне шет елдерден келетін скумбрия, тунец сияқты балықтарды сатып алады. Сондықтан ірі дүкендер мен кәсіпкерлер балықшылардан тауарды көп ала бермейді.
Бұдан бөлек, балықшылар балық аулау рұқсат қағаздарын алуды электронды жүйеге өткізетін кез келгенін де айта кетті.
- Рұқсат қағазын дайындау кезінде ұсыныс қағазына уәкәлетті органдар қол қоюы қажет. Егер рұқсат қағазын алу жүйесі цифрлық жүйеге көшсе сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяр еді,- деді балықшылар.