31 қаңтарда Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың Бейнеу ауданына жұмыс сапары Төлеп ауылынан басталды. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен әлеуметтік-экономикалық макрокөрсеткіштер және ауданның алдағы даму бағытын талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме бере отырып.
Жиын барысында ауыл тұрғындары жұмыспен қамту, саябақ, жол, балалар алаңын салу, көшелерді жарықтандыру, сапалы байланыс жүргізу, сонымен қатар жақын маңдағы темір жолға жерасты өткелдерін салу мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарының басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне тоқталды. Ең алдымен олар ауданды газбен қамту қарқынын арттыруға және ауылды абаттандыруға байланысты сұрақтарын қойды.
Өз кезегінде Нұрлан Ноғаев аудан әкімдігіне сапалы су, газбен қамту мәселесін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Мәселен, ауылға 9,3 шақырымдық газ құбырын тарту жоспарланып отыр. Жобаны әзірлеуге 11 млн теңге қажет. Ал 2021 жылы Төлеп ауылында 4,3 шақырым автогрейдер жолының құрылысы толығымен аяқталды.
Сонымен қатар Төлеп ауылында ауыл шаруашылығы дамып келеді. Қазір ауылда 22 шаруа қожалығы ресми тіркелген. Фермерлер асыл тұқымды мал басын өсіруге, қыстан аман өтуге және жем-шөп құнын төмендетуге субсидиялар алды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына бар күш-жігерін салатынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асады. Ауылдағы өмір сүру деңгейі мен ауыл халқының табысы осыған байланысты болғандықтан әкімдіктер басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобаны сапалы іске асыруы керек. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талапқа сәйкес орындалуын қамтамасыз ету қажет», - деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.