Тамшалы сайы Маңғыстау облысы,Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласынан 35 км шығыс бағытта орналасқан.
Еділ-Орал археологиялық экспедициясымен 1982 жылы анықталып, қосымша зерттеулер 2009 жылы жүргізілген. Алғаш рет 07.05.1993 жылы облыс әкімінің №487 шешімімен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар № 3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Тамшалының басты кереметі – сайдың қабырғасымен жартылай дөңгелек түрінде қалыптасқан шағын үңгірдің төбесіндегі сулы сазды қабатының ашық қалуы. Тұщы су жартасты кемерден тамшылап, үш метр биіктіктен ағады. Аққан тамшылар құдды бір жаңбыр жауып тұрған тәрізді тырсылдайды. Тамшалы сайы жыл бойы тіршілікке толы! Қыстыгүні су ағыстарын мұз басса да, төмен қарай қарқынды ағуларын тоқтатпайды. Міне, осы сәтте судан табиғи ағза жасалғандай тамаша көріністер пайда болады. Мұз бағаналары тілімденіп, қуыстар арқылы төмен қарай құлдырайтын жан-жақты су ағыстарының сарқырауы мен тамшылар сылдыры түрлі дыбыстарға ұласады. Осынау табиғаттың төл туындысында таза ауамен тыныстап, мөлдір де моншақтай тамшылардың күміс сыңғыры бойыңды сергітіп, жыныңды жадыратады. Тұғырдан төмен қарай тамшы сорғалап, моншақ тамшылары табан тасқа соғыла сазды әуенмен әдемі әсерге бөлейді.