Елімізде кәсіп пен мамандықтың түр-түрін меңгеріп, өз саласында жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандылар көп. Экономикада салмағы басым өндірістің өркенді дамуында әйелдер қауымының еселі еңбегі мен қажырлы қайратының үлесі жатыр. Халықаралық әйелдер күніне орай «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде мерекелік кеш өткізді.
Шұғылалы мерекеде нәзіктік пен сұлулық атаулыны бойына жинаған қыз-келіншектер мен аяулы ана, ардагер мұнайшылардың құшақтары гүлге толып, құрметке бөленді. Екпінді еңбек тынысын толастатпай, өндірістің өтінде ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген нәзік жандылар жұмыстан бір сәт сергіп, көңілді кештің сыйлы қонағы болды.
Салтанатты іс-шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігі, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басқармасы әйелдер қауымын шуақты мерекемен құттықтап, тілек-лебіздерін білдірді.
– Қадірлі қыз-келіншектер, аяулы да ардақты аналар! Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер үшін жоғары деңгейде концерт ұйымдастырып, керемет көңіл-күй сыйлаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бастаған мұнай компанияларына ерекше алғыс білдіремін. Қазақ халқында «Ана бір қолымен бесікті тербесте, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген керемет сөз бар. Ұлт тәрбиесі қыз тәрбиесінен басталады демекші, біздің қыздарымыз, аналарымыз, әжелеріміз қазақ халқының қалыптасуына үлкен үлес қосып келе жатыр. Сондықтан да ұлтымыздың болашағы сіздер берген тәлім-тәрбиемен өскен ұрпақтың еншісінде. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат, қызметтеріңізге толағай табыс тілейміз. Көргеніміз береке болсын, әрқашан біздің ортамызда құлпырып жүре бергейсіздер. Ақ жаулықты аналарымыз аман болсын. Қазақ елі мәңгілік болсын. Қазақ елінің арулары жасасын, - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігі әлеуметтік-ақпараттық саясат және сүйемелдеу департаментінің директоры Аманғали Нұрдәулетов.
– Қадірлі аналар, құрметті мұнайшы әріптес қыз-келіншектер! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мереке күні елге – тұтқа, ұрпаққа – пана, шаңырақтың – ұйтқысы, ынтымақ пен ырыстың алтын діңгегі – өздеріңізге бас иеміз.
Бүгінгі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында 600-ден аса қыз-келіншек еңбек етеді. Өндірістің суығына тоңып, ыстығына күйіп, мұнай игеруде ер азаматтармен қатар жанкештілік танытқан ардагер аналарымыз, өндірістің білікті мамандары – геолог, оператор, заңгер қыздарымыз бүгін осы залда отыр. Маңғыстау облысының өсіп-өркендеуінде біздің компаниямыздың үлесі қандай болса, сол табыста сіздердің еңбектеріңіз өте зор екенін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан да ұжымда бірлік-ынтымақ пен тұрақтылықтың сақталуы, өндірісті өркендету, компанияның дамуы жолында аянбай еңбек етіп жатқан өздеріңізге үлкен алғысымды білдіремін. Ал сіздерге қамқорлық – компания әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Қадірлі аналар, әріптес қыз-келіншектер! Көктемнің осынау мерейлі мерекесіне арналған мұнайшылар концерті сіздердің көңілдеріңізді нұрға, жүректеріңізді жырға бөлейді деп ойлаймын.
Әрқашан шаңырақтарыңызға береке қонып, үйіңізден жылылық кетпесін. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін! – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Мұрат Мұстафаев.
Көктемнің шуақты мерекесімен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Сюй Шиго, кәсіподақ ұйымының төрағасы Мәди Кентанов құттықтап, компанияның жетістікке жетуінде, мұнай-газ саласының өркендеуіне әйелдер қауымы зор еңбек сіңіргенін айтып, игі тілектерін арнады.
Мерейлі кеште «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мен «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясына қарасты мұнай компанияларының талантты жастарының ана туралы әсем әндері мен әсерлі қойылымдары салтанатты іс-шараның сәнін келтірді.
Өндірісте талай жыл абыройлы қызмет істеген мұнайшы қыз-келіншектер төл мереке қарсаңында марапат алып мерейі өсіп, ақжарма тілектерін жаудырды.
– Мұнай-газ саласында 1989 жылдан бері еңбек етіп келемін. Біз мұнайды тазартып, өңдеп, тасымалдаумен айналысамыз. Әйелдер қауымы үшін маңызы айрықша мерекеде керемет кеш өткізіп, көңілімізді көкке көтерген «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының басшылығына алғысымыз шексіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Көктемнің алғашқы мейрамымен қыз-келіншектерді, әріптестерімді құттықтаймын. Өндірісте ер азаматтармен қатар жұмыс істеп жүрген әйелдер көп. Еңбектері жемісті, отбасылары аман болсын, –деді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында мұнай дайындау, тасымалдау цехының операторы Қалампыр Жолдыбаева.
– Биыл компанияда жұмыс істегеніме 33 жыл болды. Біз мұнайшыларға, олардың жұмыс орындарына қолайлы жағдай жасауға ден қоямыз. Мерейлі мерекемізге арналған кеш өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бәріміз дән риза болып тұрмыз. Халықаралық мереке тұсында ардақты аналарымызға, аяулы қыздар мен мұнайшы аруларға бар жақсылықты тілеймін. Еңбектері еселеніп, табыстары арта берсін, денсаулықтары зор болсын, - деп Күрделі құрылыс департаментінің қызметкері Алтынай Ахметова жүрекжарды лебізін айтты.
Мерейлі күні құрмет-қошемет көрген мұнайшы қыз-келіншектер үшін көктем мерекесі осылайша жақсы көңіл-күймен басталды. Қазақстан жастар Одағы сыйлығының және «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Қыдырәлі Болманов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбділдина ән мен жырдан шашу шашып, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады. Жан жадырататын шуағы мен нұр-шапағатын ала келген көктемнің алғашқы мерекесіне ерекше дайындалған мұнайшылар әйелдер қауымына әсерлі де әдемі кеш сыйлады.
Жайық НАҒЫМАШ