Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз, себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы). Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы мемлекеттік кірістер органдарына хабарласуыңыз қажет, - делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметіне сүйенсек елде 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін өскен. Тіпті 6 жастан асқан балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланған, ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген.
Салық кодексі бойынша микро және шағын бизнес субъектілеріне оңайлатылған салық салынады. Атап айтқанда салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты 1%-дан 4%-ға дейін болады. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады – патент (салық мөлшерлемесі 1%); оңайлатылған декларация (салық мөлшерлемесі 3%); бөлшек салық режимі (салық мөлшерлемесі 4%).
Салық және әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептелетін және төленетін «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы салық салу режимін таңдауға болады.
Айта кетейік 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс, сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді дұрыс көрсету өте маңызды. Кейінгі жылдары мүлікті сатып алған жағдайда бұл кірістер салық салу мақсатында есепке алынады.
Тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер де сатып алушыға түбіртек беруге міндетті.