Ақтауда Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «Сахнада – 50 жыл» атты мерейтойлық концерті өтті. Халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтаған әнші 2 ұлы да тарихи сәттердің құрдасы екенін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау халқымен кездесіп, өнер көрсеткен әнші жеке концерт өткізбегеніне 10 жылдан асқанын айтты. Мерекелік кеш қонақтары ретінде әншінің қос ұлы Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев та ән шырқады.
«Менің екі ұлым бар. Екеуі де тарихи кезеңде дүниеге келген. Үлкен ұлым Әли Оқапов 1991 жылы туылды, ол – тәуелсіздіктің құрдасы. Совет Одағы құлап, Москвадағы үкімет үйін зеңбірекпен атқылап жатқанда мен перзентханадан шығып, үйге бардым. Екінші ұлым – Мәди, 2000 жылы "2000 қарадомалақ" деген бағдарламаға тұспа-тұс туылды. Осы кезде туылған 2000 нәрестенің алтыншысы немесе жетіншісі – менің ұлым. Бұл сол сәтте әдейі есептеп туғаным емес, құдайдың бергені ғой»,- деп қосты халық әншісі Роза Қуанышқызы.
Бұдан бөлек, өнер иесі айтулы кезеңмен қазақстандықтарды құттықтады.
«Халық саны өсіп, ұрпақ жалғасып жатыр. Елімізде 20 миллионыншы сәбилер дүниеге келді. Бұл – қуанышты жаңалық. Еліміз дамып, өркендей берсін»,- деп қосты ол.
Сондай-ақ Роза Рымбаева өңір тұрғындарын ерекше жақсы көретінін айтып, алғыс білдірді. Оның айтуынша, Ақтаудағы тыңдарманы – өнерді жоғары бағалап, музыканы ерекше құрметтейді.