1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Елдік құжатта Қазақ КСР-ның егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздері жарияланды, деп хабарлайды mangsytaumedia.kz.
Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне 2001 жылы енгізілді. Бірақ, 2009 жылы «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ.
Биыл маусым айында Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын.
29 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Аталған заң бойынша 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып бекітілді.
Қазақстандықтар биыл Республика күніне орай қазан айында қатарынан үш күн демалады: 23,24 және 25 қазан.