© фото tengrinews.kz
Құрметті маңғыстаулықтар!
Баршаңызды айтулы мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күн ұлттық мерекелер тізбесіне еніп, азаттық пен бостандықтың сөнбес алауындай, еліміздің мәңгілікке жол тартар көгілдір жалауындай тарих беттеріне алтын әріптермен жазылады.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданып, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі, тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Бұл атаулы күн ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, осы жолдағы жанқиярлық күресінің ақиқатқа айналған күні.
Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күнін» қайта жаңғыртып, ұлттық дәрежеге көтерудің маңызын ерекше атап өткен еді. Бұл өткен тарихымызды жаңғырта отырып, жасампаздыққа, елдің бірлігі мен әлеуметтік-рухани өрлеуіне жол ашатын айрықша сипаттағы мереке болмақ.
Бұл айтулы күн – көпұлтты Қазақстан Республикасы халықтарының бірлігі, татулығы мен келісімінің символы. Осы орайда, еліміздің әл-ауқаты күн сайын артып, әр шаңырақта бейбітшілік пен бақыт салтанат құрсын дегім келеді. Мереке күні баршаңыздың отбасыларыңызға амандық-саулық, құт-береке тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанның өркендеу жолында жасап жатқан игілікті істеріңіз жемісті болсын. Ертеңгі күнге сеніммен қарап, бейбіт өмірде бақуатты ғұмыр кешіп, ырыс-несібе мен құт-берекеміз молая берсін!
Құрметпен, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев