Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Медициналық нысан тәуелсіздіктің 31 жылдығы қарсаңында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз жолдауында денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтқан болатын. Өйткені, халық денсаулығы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарға жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының мамандары жаңа ғимаратта жемісті еңбек етеді деген сенімдемін, деді қала әкімінің орынбасары.
Шараға Рахат ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқберген Аманов, «Нұржол – құрылыс» ЖШС директоры Арыстан Даулетбаев қатысты. Лента қию рәсімі өтіп, қонақтар мен тұрғындар амбулатория ішіне кіріп, арнайы танысты.
Амбулатория күніне 50 адамды қабылдауға арналған. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, медициналық құрал-жабдықтармен, жиhаздармен қамтылған. Амбулаторияда ауыл тұрғындарына жалпы учаскелік дәрігердің күнделікті қабылдауы, стоматологиялық кабинет, гинеколог кабинеті, лабораториялық зертхана, күндізгі емдеу стационары қызмет көрсететін болады.