Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындарды жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Құрметті маңғыстаулықтар,
ардақты ағайын!
Қазақта «Уақыт керуеніне бөгет жоқ» деген сөз бар. Сол айтқандайын міне, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, бәріне төреші, таразы уақыт керуені бізді Жаңа жылдың табалдырығына алып келді.
Халқымыз ұлу жылын жақсылықтың, береке мен молшылықтың жылы деп қабылдаған. Біздің де өткенге ризашылығымызды білдіріп, келер жылдан күтеріміз көп.
2023 жыл Маңғыстау өңірі үшін табысты әрі маңызды шараларға толы кезең болды. Маңғыстау облысының құрылғанына 50 жыл, Ақтау қаласының құрылғанына 60 жыл, Маңғыстау ауданының 95 жылдық, Қарақия және Бейнеу аудандарының 50 жылдық, сондай-ақ Жаңаөзен қаласының 55 жылдық мерейтойын атап өттік.
Сонымен қатар, Маңғыстау өлкесінде ауқымды іс-шаралар, жоспарлы жұмыстар жемісті жүзеге асты. Өңірдің экономикалық өсімінде оң көрсеткіштер орын алып, өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі айтарлықтай ұлғайды.
Мұның бәрі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдымызға қойған нақты тапсырмалары мен барша маңғыстаулықтардың қажырлы еңбегінің арқасы екені сөзсіз.
«Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» демекші келер жылы да халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикамызды дамытуға арналған игі шаралар жалғасын табады деп сенемін.
Ардақты ағайын!
Өлкенің өрісті өркендеуіне қосқан әрқайсыңыздың өзіндік үлестеріңіз бар. Сондықтан ел игілігі жолында күнделікті аянбай еңбек етіп, өңірімізді көркейтуге атсалысқан, ілтипат пен абыройға бөленген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін.
Жаңа жылда Сіздерге игілік пен ізгілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ пен береке тілеймін!
Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры қашан да берік, туы биік болсын! Киелі Маңғыстау елінің ырысы мен ырзығы арта бергей!
Жаңа жыл құтты болсын!