Ақтауда 15 шағынаудан амфитеатр алаңында жаңа жылға орай мерекелік отшашу шашылды. LED экранда жаңа жылдық мерекелік шара көрсетілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтауда «Абай» мәдени-демалыс кешенінің ұйымдастыруымен амфитеатрдың жанында LED экран орнатылды. LED экранда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың жаңа жылдық бейнеқұттықтауы көрсетіліп, республика жұлдыздарының әсем әндері қойылды. Трансляция сағат 18:00-де басталып, 00:00-ге дейін жалғасты.
-Шараның мақсаты - қала тұрғындарына жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау. Барлық қала тұрғындарын келіп жеткен жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, - деді Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Амантай Кумбаев.
Шараны тамашалауға барған тұрғындар жаңа жылмен құттықтады.
-Отшашу ерекше болды. Жаңа жыл құтты болсын! Әр жанұяға амандық, татулық тілеймін. Еліміз аман болсын! Қаламыз дами берсін, - деді тұрғын Назгүл Ерғожаева.