Ақтаудағы 40-шағын ауданда жаңа қалалық саябақ пен ірі спорт кешенінің құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмыс сапарында Нұрлан Ноғаевқа құрылыс кезеңдерінің барысы мен нысандардың пайдалануға берілетін уақыты туралы айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда қаланың жаңа бөлігінде жаңа тұрғын үйлер құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Қаланың ұлғаюына байланысты қаланың жоғарғы бөлігінде әлеуметтік нысандардың тапшылығы байқалады. Сол себепті тұрғындар үшін 11 мың шаршы метрлік BS Arena спорт кешені салынуда, құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған. Нысанды 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Құрылысты «BS stroy» ЖШС өз қаражаты есебінен жүргізуде. Спорт кешенінде 1500 адамға арналған ФИФА-ның барлық талаптарына жауап беретін 1500 орындық футзал, сондай-ақ 500 көрерменге арналған волейбол, баскетбол, арналған жеке спорт залдары бар. Болашақта жүзу, таэквондо, волейбол, баскетбол және теннис секцияларын ашу жоспарланған.
Нысан ауданы 23 гектарды құрайтын жаңа қалалық саябақтың аумағында болады. Аркалық стильдегі саябақ, төрт кіреберіс есіктен тұрады, ал орталығында - үлкен субұрқақ орналасады. Сонымен қатар, саябақта әртүрлі кіші, музыкалық субұрқақтар, гүлдер аллеясы, жүгіру және велосипед жолдары болады.
Қазіргі уақытта саябақты көгалдандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Аумаққа жас ағаш өскіндері отырғызылған. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2024 жылдың соңына жоспарланған.
Нұрлан Ноғаев аталған нысандардың құрылысы балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтымен айналысу мәдениетін қалыптастыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Біз жаңа шағынаудандарды дамытуға үлкен көңіл бөлудеміз. Қала жылдам қарқынмен өсуде. Спорт кешені, қалалық саябақ тұрғындарға түрлі спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Спорт кешені жарық, кең және жылы болуы керек. Мұнда балалар өздерін жайлы сезінуі керек. Сондықтан құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында қажетті нормалар мен ережелерді қатаң сақтау қажет. Осындай нысандардың арқасында балалар мен жасөспірімдер қолайлы жағдайда сүйікті спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алатыны қуантады, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.