Монополияға қарсы орган «Медикер Каспий «Медикер» ЖШС-нің филиалына ҚР-ның бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуына байланысты тексеру жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Филиалдың әрекеттерінде монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілері анықталды.
Бүгінде Маңғыстау облысында тиісті лицензиясы, қажетті жабдықтары бар, талдау жүргізетін бірнеше зертхана жұмыс істейді. Алайда, филиал өзінің монополиялық жағдайын пайдалана отырып, жүкті әйелдердің қан үлгілеріне талдау жүргізген кезде пациенттерге басқа ұйымды таңдау құқығын бермеген. Сонымен қатар көлемді ұйымдарға тең бөлмей, бір ғана кәсіпорынға артықшылық берген. Осылайша, нарықта осыған ұқсас қызметті орындайтын басқа тұлғалардың заңды құқықтарын бұзып, бәсекелестікті шектеген.
Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша филиалға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 159-бабының 3-1 бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының 07.06.2023 жылғы шешімімен филиалға әкімшілік айыппұл салынып, толық өндірілді.