Атырауда «Saraishyq upgrade 2023» халықаралық жастар форумы өтті. Шараға Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау өңірінің жастары қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты - республикалық деңгейдегі спикерлермен тәжірибе алмасып, жастарға серпін беру.
- Жастар екі күн бойы IT технологиялар, маркетинг, өнер, мәдениет және киноматография бағыттары бойынша білім алды. Бұл іс-шара жастардың дамуына мүмкіндік берді деген ойдамын. Теориялық білім алған жандар практикалық деңгейде өз жобаларын қорғады,- деді «Ақсұңқар» қоғамдық қорының өкілі Дәурен Сейітқалиев.
Айта кетейік, «Кинематографиядан» Жандос Айбасов, Ернар Нұрғалиев, «Маркетингтен» Антон Ким, Абылай Юсупов, «Сандық технологиялардан» Жандос Турсумбаев, Ерлан Есімсеитов, «Музыкадан» Ерболат Беделхан, Азат Абыкен және Айзатулла Хусейн дәріс өткізді.
- Екі күн бойы маркетинг саласы бойынша білім алдым. Кәсіби мамандардан және өзге қалада тәжірибе алмасу бізге ерекше сезім сыйлады. Сонымен қатар Атырау өңірінің ертедегі өркениеті Сарайшық қаласына барып, ата-бабаларымыздың тарихын білуге мүмкіндік алдық. Шара аясында бір-бірімізді жақын танып, жаңа достық қарым-қатынас орнаттық. Жастарды қолдау мақсатында аталған шараны ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз,- деді “Ақтау студенттер Альянсы” КҚ атқарушы директоры Серік Парасат.