Маңғыстаулық самбошылар Ғани Орысбайұлы, Қуанышбек Көмеков, Айкүн Рахметова Әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
13-17 қазан аралығында Армения елінің Ереван қаласында самбодан кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер және жастар арасында жауынгерлік самбодан Әлем чемпионаты өтті.
Халықаралық деңгейдегі жарысқа 24 мемлекеттен барған 1000-ға жуық спортшы бақ сынады. Қазақстан құрама командасының сапында Маңғыстау облысынан 4 ұл, 1 қыз қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтсақ кіші жасөспірімдерден 46 келі салмақта Ғани Орысбайұлы 4 белдесу өткізіп қола медальға ие болса, жасөспірімдер арасында 58 келі салмақта Қуанышбек Көмеков күміс және жастар (қыздар) арасында 54 келі салмақта Айкүн Рахметова күміс медаль алды. Жасөспірімдер және жастар құрама командасының аға бапкері Бағлан Ибрагим.