Ақтауда демалыс күндері қоғам белсенділері мен қала тұрғындары теңіз жағалауына мальва, айлант және түймедақ екті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Идея иесі Наталья Романова ерекше күтімді қажет етпейтін өсімдіктер өңіріміздің құрғақ климатына қарамастан жайқалып өсе беретіндігін айтты.
-Қала тұрғындарына, «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ, Маңғыстау облысы әкімдігі мен Ақтау қаласы әкімдігіне алғысымды білдіремін. Біз «Green City Aktau» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс жасадық. Бізге 100% көмек көрсетілді деуге болады - траншея қазуға, топырақ пен көң, одан кейін суды да әкелуге көмектесті. Барлығымыз жасыл желек жайқалған қалада өмір сүргіміз келеді. Ендеше, қаланы көгалдандыруға біз де жұмыстанайық. Жерге қоқыс емес, керісінше, жеміс-жидектердің дәнін тастайық,- деді тұрғын.
Тұрғынның айтуынша, гүл егу идеясы көктемде пайда болған.
-Бұл гүлдердің өсуі үшін аптасына бір рет суару жеткілікті, өсімдік өзі жаңарып, жайқалып өсе береді. Айлант та солай, жағажайға ерекше сән береді. Осындай науқандар көп болса, теңіз жағалауы Антальядан кем болмайтыны анық,- деді Наталья Романова.