Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы Айгүл Айтан Дубайда өткен халықаралық семинарға қатысып, «Жыл ұстазы» төсбелгісінің иегері атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Білім беру саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында өткен семинар «Болашақ білім: инновациялық технологиялар және Smart оқыту» тақырыбына арналды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Айтан зерттеуі, тәжірибесімен бөлісті. Семинар барысында әділқазылар қазақстандық мұғалімдер ішінен маңғыстаулық ұстазға жоғарғы ұпай беріп, «Жыл ұстазы» төсбелгісі мен I дәрежелі дипломды табыстады.
Семинарға Қазақстандағы қала, ауыл мектеп мұғалімдері, Қарағанды Университеті, Ақтөбе колледжі педагогтары, NIS мұғалімдері қатысты.
Айта кетейік, Айгүл Айтан төрт жыл бұрын Қазақстан атынан ұсынылған 180 жобадан 1-орынға ие болған. Осылайша, Германияның 2 миллион 500 мың теңге грантын ұтып алып, жобасын оқушыларымен бірге Бремен қаласында қорғап келген еді. Польша қаласындағы халықаралық зерттеу жобаларынан да оқушыларымен бірге қатысып, І, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.
- Семинарда өзге елдің мәдениетімен, білім деңгейімен таныстым. AMITY университетінің студенттеріне жан-жақты жағдай жасалған, олармен бірге жұмыс істеу де ыңғайлы. Ал елімізден барған мұғалімдерге әлі де әдістемелік көмек, қолдау керек. Себебі жастардың болашағы үшін орта білім беру ордасының, ЖОО-ның мамандары мықты болуы керек. Баяндамамнан кейін кері байланыс жасаушылар көп болғанына қуандым. Ал төсбелгіні мүлдем күтпеген едім. Бұл мен үшін тосын сый болды, десе де әрбір мұғалім «жыл ұстазы» төсбелгісіне лайықты деп ойлаймын, - деді Айгүл Айтан.