31 наурызда құтқарушылар 7 мекенжай бойынша 4500 текше метр суды сорған. Сондай-ақ су басқан 17 үйдің дүние-мүлкін эвакуациялауға көмектесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстаулық құтқарушылар Ақтөбе облысына 27 наурызда барған болатын. Мамандар содан бері мотопомпа арқылы суды сорып алып, құм дорбаларынан бөгет салып жатыр. Мәселен, 31 наурызда Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Қобда ауылында маңғыстаулық құтқарушылар құм толтырылған 250 қапшықты суға тосқауыл ретінде қойған.
- Осыған дейін Маңғыстау облысы Төтенше Жағдайлар Департаментінің жедел тобы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында суды сору жұмыстарын жүргізген. Құтқарушылардың айтуынша, су тасқыны қар суларының еруінен ұлғайған. Оған қоса толассыз жауған жауынның әсері де жағдайды нашарлатқан. Су айдау және зардап шеккендер мен олардың дүние-мүлкін құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, - деп жазылған МО Қоғамдық коммуникация орталығында хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен көршілерге көмек көрсетеді. Осы мақсатта Маңғыстау облысының қоғамдық кеңесінің қолдауымен ресми реквизит ашылды.