Маңғыстаулық команда «Batyr ball» ойынында екінші орынға ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
«Batyrball» ойынында маңғыстаулық «Qazaqtyn qara balasy» құрама командасы күміс жүлдеге қол жеткізді. Команда мүшелеріне күміс жүлдемен бірге 2 000 000 теңге табысталды.
25 ақпанда «Алматы арена» спорт кешенінде «Вatyrball stars» турнирі өткен болатын. Оған республика бойынша 8 жұлдызды команда қатысты. Олардың қатарында «Motivator team», «Sever-yug» «Taxtai team», «Businessmen team», «Academy team», «Qazaqtyn qara balasy», «Horda», «Mao team» сынды командалар бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша Серік Сәпиев бастаған қарағандылық «Academy team» командасы жеңімпаз атанса, екінші орынға Әділбек Ниязымбетов бастап барған маңғыстаулық «Qazaqtyn qara balasy» командасы ие болды. Жүлделі үшінші орынға Артем Резников жаттықтыратын алматылық «Sever yug» командасы тұрақтады.
Batyr ball - Қазақстанда шыққан жаңа спорт түрі саналады. Командалар жекпе-жек октагонында регболдың элементтерімен күресіп жүріп баскетбол ойнайды.
Турнирдің басты жұлдыздары қатарында Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов, Артем Резников, Ильдар Құдайбергенов, Дамир Аманжолов, Антон Котенко, Василий Тахтай сынды спортшылар бар.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 10 000 000 теңгені құрайды.