Шымкент қаласында наурыздың 20-22 аралығы өткен ұлттық ойындар мен өнер сайысы тоғыстырылған «Big Qazaq Games» фестивалінде ақтаулық Гүлбану Қамысбаева ұлттық киім номинациясында әйелдер киімі коллекциясын ұсынып, ІІ орынды иеленді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Аталған фестиваль Наурыз мейрамын мерекелеуге және Қазақстанның үшінші мегаполисінің жаңа ипподромының ашылуына орай ұйымдастырылды. Этнофестивальдің жүлде қоры – 90 млн теңге. Жоба 4 бағыт бойынша байқау жариялады. Ұлттық спорт ойындары, өнер, ұлттық тағам, қазақи нақыштағы киім үлгілері.
Ауқымды шараға 17 облыс пен 3 қала қатысты. 170 киіз үй тігіліп, түрлі мерекелік бағдарламалар өткізілген. Ұлттық киім сайысы – 7 номинациядан тұрды. Олар: әйел киімі, ер киімі, камзол, шапан, тақия және үйлену киімі.
Гүлбану камзол мен әйел киімі номинацияларына қатысқан.
-Бұл жоба туралы естіген соң, анкета толтырып жібердім. Алайда, соңғы сәттерге дейін екіойлы болып жүргенім рас. Анкетам қабылданды деп жауап келгенде де әлі нақты шешім қабылдамаған едім. Сайыс жақындағанда ғана шешім қабылдап, билет алдым. Байқауда күнделікті қолданысқа тігіп жүрген киімдерімді толықтырып, коллекция ретінде ұсындым. 10 модельді киіндіретіндей этностильдегі заманауи кімдер жиынтығын көрсеттім. Қазір мен «Ваnu Tulegen» атауымен шығып жүрмін. Жақында коллекцияға этникалық колоритті заманауи шапандарды қостым. Оларды күнделікті де киюге болады. Сол киімдер сайыста жоғары бағаланып, Айгүл Мүкей сияқты танымал адамдар сол жерде сатып алып, киіп жүрді. Осы жолғы байқаудан соң әр түрлі ұсыныстар да көптеп түсуде, - дейді Гүлбану.
Әйел киімі номинациясына – республика бойынша 22 қатысушы қатысып, 120 образ көрсетілген. Гүлбану әсіресе, Алматы мен Ақтөбе, Түркістан облыстарынан мықты бәсекелестер болғанын айтады.