Ақтауға Иран ислам республикасынан туристердің екінші легі мінген чартерлік әуе рейсі келіп қонды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Екі ел арасындағы келісімге сәйкес 14 күнге дейін визасыз режим бойынша Тегераннан ұшып шыққан туристер Ақтауда апта бойы демалып, өңірдің көрнекті жерлеріне саяхат жасауды көздеп отыр.
Жүзден астам туриспен бірге келген ирандық Ахмад Реза Мухтали кәсіпкерлікпен айналысды. Ол визасыз режим аясында Ақтауға келіп демалуды жөн көрген.
- Ақтауға алғаш рет келіп отырмын. Ғаламтордан Қазақстан туралы көп оқыдым. Алдағы демалыста ел туралы біраз жайтқа қанығамын деген сенімдемін. Көрші ел болған соң ерекше сәттерді күтемін. Негізінен жаңа жыл сайын бір елге баруды әдетке айналдырғанмын. Бұған дейін Армения, Грузияда болдым. Алда Алматыға барсам деген ойдамын. Осы жолы отбасыммен Ақтауда келуді жөн көрдім, - деді кәсіпкер Ахмад Реза Мухтали.
Ираннан келген туристің бірі Радин Панари әншілікке жақын адам екен. Рэпер бұл сапары өзі үшін жайлы демалыс боларына сенімді.
- Қазақстанға келген дейін үнемі Еуропа елдерінде болдым. Бұл елдің тарихынан хабарым бар. Бұған дейін ізденіп, біраз мәліметтерге қанықтым. Сол үшін маған өте ұнайды. Осы ретте Ақтауға келуді жөн деп таптым. Өзім негізінен әншімін, көбіне рэп бағытындағы әндерді орындаймын, - деді Радин Панари.
19 наурызда Ақтауға Тегераннан келген 27 жастағы турист Негар Бахрами дәрігер болып қызмет етеді. Ол Ақтауда болған бір аптада естен кетпестей демалып, енді қимастық сезіммен еліне аттанып барады.
- Демалу үшін жаңа ел іздеп, соңында Ақтауды таңдадық. Осыған дейін бірнеше елде болдым. Ақтауды жайлы демалыс орны деп санаймын. Қала теңіз жағасында орналасқандықтан өте ерекше. Болашақта Ақтауға қайта келемін деген ойдамын. Қала маған қатты ұнады. Халқы өте мейірімді, қонақжай екені көзге көрініп тұр, - деді Негар Бахрами.
Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев биыл Ақтауға ағылатын туристер қарасы қалың болатынын атады. Келісімге сәйкес, Маңғыстау облысына Ираннан бөлек, алда Ресейден туристер үшін арнайы әуе рейстері ашылатын болады.
- Былтыр Иран, Қытай және Үндістан үшін Қазақстанда визасыз режим енгізілді. Аталған елдердің азаматтарына еліміздің аумағында 14 күнге дейін емін-еркін жүріп-тұруға мүмкіндік қарастырылған. Визасыз режим бойынша Қазақстанда жүріп-тұрған жалпы уақыт әрбір 180 күн кезең ішінде күнтізбелік 42 күннен аспауға тиіс. Сондықтан жоғарыда аталған елдің азаматтары үшін бұл Қазақстанға келуге зор мүмкіндік, - деді басқарма басшысы Мәулен Ғабдулқалиев.
Тегераннан Ақтауға ұшқан чартерлік рейстің алғашқы легінде 130 турист келген. Екінші лекпен келген демалушылар саны да сол межені көрсетіп отыр. Парсы елінен келген қонақта алдағы күндері Ақтаудағы Rixos Water World Aktau және Tetysblu паркінде болып, арнайы бағдарлама аясында көптеген жерлерге саяхат жасауды көздеп отыр.
Ирандық туроператорлар Ақтаудың өзге де көрнекті жерлерін аралауды жоспарға енгізген. Олар демалыс аясында жартас жолдары, Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық өлкетану музейіне арнайы бармақ.
фото Талант Кусаин