Маңғыстау облысында «Жас маман» жобасы іске асады. Жобаны «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысының білім басқармасының тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ бірлесе ұйымдастыруда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жобаның мақсаты – білікті педагог мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу, жас мамандарды басқарудың заманауи технологияларына оқыту. Басшы лауазымына орналасу талаптарына сәйкес келетін қажетті кәсіби құзыреттілігі, жеке-іскерлік қасиеттері және шығармашылық әлеуеті бар мамандардың резервін қалыптастыру. Аталған жоба барысында өңірдегі 100 жас маманның өмірлік маңызы бар дағдылар бойынша құзыреттілігін арттыру жоспарланған.
«Жоба аясында «Жас басқарушылар» мектебі жүзеге асады. Яғни, жас мамандар білім алады. Қатысушылар 2 топқа бөлініп оқиды. Алғашқы топ қатысушылары қыркүйек айында білім алса, 2-топ қатысушылары қазан айында оқытудан өтеді. Жас мамандар көшбасшылық, жобалық басқару, қаржылық менеджмент, жеке бренд, ораторлық шеберлік, гранттық конкурстарға жоба жазу бойынша ақпараттар алып, біліктілігін арттырады. Сондай-ақ республикадан және жергілікті өңірден арнайы шақыртылған білікті тренерлер, сертификатталған мамандар теориялық, практикалық негізде өз тәжірибесімен бөліседі», - дейді қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Жұлдыз Мұратхан.
Мұндағы мақсат – бір-бірімен тәжірибе алмасып, жұмыстарымен танысуына мүмкіндік беру. Сонымен қатар Маңғыстау облыстық жедел-жәрдем станция қызметкерлерінің қатысуымен алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдай болғанда алғашқы іс-әрекеттер бойынша практикалық оқытулар ұйымдастырылады. Жас мамандар тек білім алып қана қоймайды, «Кім. Қайда. Қашан» зияткерлік ойынына қатысып, білімін сынға салады.
«Жас маман» жобасы арқылы аймақтың білім беру саласындағы жас мамандарға арналған көп компонентті оқу моделі жасақталады. Білім беру саласындағы жас мамандар кеңесінің жұмысы жолға қойылады. Әлеуетті жас басқарушыларға арналған тәжірибе алмасу шаралары қолға алынып, кадрлық резерв жасақталады.