«Қазпошта» Маңғыстау облысына сәлемдемелерді жеткізу мерзімін қысқартты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алматы-Маңғыстау-Алматы бағытындағы №77/78 жолаушылар пойыздарының құрамындағы пошта вагонының алғашқы жөнелтілімі 2 сәуірде Алматы-2 станциясынан басталды. №77 жолаушылар пойызына біріктірілген пошталық вагон Шу, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Шалқар, Бейнеу елдімекендері арқылы 10 тоннаға жуық пошта жөнелтілімдерін жеткізеді.
Пойыз Маңғыстаудың соңғы стансасына үшінші күні келіп, пошта вагоны түсіріледі. Вагон келесі күні Маңғыстау-Алматы бағытындағы №78 жолаушылар пойызының құрамында Алматыға қайта жол тартады.
«Бүгін теміржол арқылы Алматы облысынан Маңғыстау өңірінде арнайы Қазпошта вагоны келді. Бұл пойыз вагондары пошта халыққа тиімді, жедел жетуіне мүмкіндік береді. Поштаның аралық алмасу уақыты бұрын 7-10 күн шамасында болатын. Бұл пойыз вагондарының қосылуымен ол уақыт аралығы 3-4 күнге азайды. Бұл мәселе 17-20 жылдан бері оңтайлы шешімін таппай жүр еді. «Қазпошта» АҚ төрайымы Әсел Жанасова «Қазақстан Теміржолы» басшылығымен бірлесе отырып осы мәселенің шешілуіне бастамашы болды. Ал Астана бағытынан күнара пойыздар келіп тұрады. Ол пойыздар 2 жұмыс күнінде Маңғыстауға жетеді», - деді «Қазпошта» Акционерлік қоғамының Маңғыстау облысы филиалының басшысы Нұрболат Ақтаев.
Айта кетейік, бұған дейін жүктер Ақтөбе облысына келіп, сұрыптағаннан кейін Маңғыстау облысына жөнелтіліп, 7-10күн бойы уақыт алатын. Жаңа бағыттың арқасында сәлемдемелерді жеткізудің жалпы уақыты 3-4 күнге дейін қысқаратын болды.
«Қазпошта» АҚ мен «Қазақстантеміржолы» АҚ бірлескен жұмысының нәтижесінде Маңғыстау бағытында пошталық вагонды іске қостық. Компаниялар ресурстарды тиімді пайдалануға мүдделі. Пошта көлігі хат-хабарларды, сәлемдемелер мен жөнелтілімдерді «Алматы-Маңғыстау-Алматы» негізгі бағытымен кесте бойынша жеткізеді», - дейді «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасова.