© inform.kz
Бүгін елордада Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарына марапаттарды табыстады. Олардың қатарында Маңғыстау облысының өкілдері бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Үкімет басшысы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымындағы үш компанияға сыйлықты табыстаған. Оның ішінде «КазАзот» АҚ (Маңғыстау облысы), «МедиДез» ЖШС (Қостанай облысы), «Med365» компаниясы (Алматы) жүлдегер атанып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Алтын сапа» байқауының мақсаты туралы айтып өтті.
«Біз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуымыз керек. Тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы. Сонымен бірге, бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ. ен «Алтын сапа» және «Парыз» байқауына қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін!», - деді Қ.Тоқаев.