Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен облыс мектептеріндегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының, қалалар мен аудандардың білім басқармаларының өкілдері қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Кандарбек Бақтыгереевтің айтуынша, өңір мектептеріндегі камералар ескірген.
Сондықтан комиссия отырысында мектептердегі ескірген бейнебақылау камераларын жаңарту немесе ауыстыру жөнінде айтылды.
- Білім беру объектілерінің қауіпсіздігі және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері құқық қорғау органдарының өкілдерінің басты назарында. Біз оқушыларға қолайлы жағдай жасау үшін күш бірігіп жұмыс істеуіміз керек, - деп атап өтті Қандарбек Бақтыгереев.
Облыс әкімі білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атай келе, мектептерді металл іздегіштермен, кіруді бақылау және басқару жүйелерімен, турникеттермен, сондай-ақ дабыл түймелерімен жабдықтау үшін қаржыландыру қажет екенін атап өтті.
- Біз оқу орындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Барлық білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары жедел басқару орталықтарына қосылуы тиіс. Бірнеше ай бұрын Ақтауда бозбаланың үстіне футбол қақпасы құлап, қайғылы оқиға орын алған болатын. Жауапты басқармаларға білім беру ұйымдары мен балалардың бос уақыттарын бақылауды күшейтуді тапсырамын. Жекеменшік балабақшаларға келетін болсақ, мектепке дейінгі білім беру нысандарында, меншік түріне қарамастан, бейнебақылау камералары дұрыс жұмыс істеуі керек. Бұдан басқа, мен оларды жедел басқару орталығына қосу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, - деді Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстау Білім басқармасының мәліметінше 38 мектепте (Маңғыстауда 22 мектеп, Мұнайлы ауданында 16 мектеп) турникет орнату үшін бюджетте 389 млн теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, екі колледжде және тағы тоғыз мектепте, сондай-ақ 61 балабақшада турникеттер орнатуға 183 млн теңге көлемінде қаржыландыруға өтінім жолданған.