Маңғыстаудағы түзеу мекемесінде әйелдер психолог-маманның қатысуымен өткен сабаққа қатысты. Олар бостандықтағы өмірі мен болашағын қалай елестетінін сурет арқылы бейнеледі. Әйелдердің басым бөлігі келешегін өз жанұясы және жұмысымен байланыстырады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Маңғыстау облысының №43 ҚАЖД психологы Алмаш Өтесінов мұндай сабақтар ішкі шиеленісті шешуге және өз қорқыныштарын жеңуге, жан дүниесін тереңнен түйсінуге көмектеседі.
"Өзгелерге жан-дүниеміздегі сырымызды ақтаруға тариынамыз. Психологиялық сабақтар арқылы өз басымыздан өткерген оқиғалармен бөлісе аламыз. Маған өте көмектесті. Психологпен өткен сабақ ұнайды. Соңғы сағатта еркін тақырыпта сурет салдық. Бұл жолы мен өзімнің жарқын болашағымды елестеттім. Көңілімде толқу пайда болған секілді. Менің жазамды өтеу мерзімім 2 жылдан кейін аяқталады. Ойлануға әлі де уақыт көп, - дейді Гүлмира есімді жазасын өтеуші.
Мұндай сабақтар айына 2 рет өткізіледі. Алдағы уақытта 1 наурыз мерекесіне орай іс-шараны өткізу жоспарланған.