Құқық қорғау органдарына қызметке он сегіз жасқа толған, өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, денсаулығы мен дене бітімінің даму жағдайы, білім деңгейі жөнінен өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Антикоррдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы брифингте Департаменттің кадр жұмысын ұйымдастыру тобының аса маңызды істер жөніндегі офицері Динара Джаукерова айтып берді.
Ол құқық қорғау қызметіне жұмысқа тұру мен іріктеу шарттарын егжей-тегжейлі баяндады.
"Құқық қорғау органдарына қызметке кіру конкурстық негізде жүзеге асырылады. Бос лауазымдарға конкурс жарияланғаннан кейін қатысушылар бірнеше кезеңнен өтеді. Конкурсқа қатысушылар құжаттарын тапсырады, конкурстық комиссия қатысушылармен әңгімелесу жүргізеді, қатысушылар медициналық және психофизиологиялық куәландыру, полиграфологиялық зерттеуден өтеді. Осы аталған кезеңдерден өткен соң конкурстық комиссияның қорытындысы шығады", - деді спикер.
Сондай-ақ, құқық қорғау органына жұмысқа орналасудың тағы бір жолы бар. Бұл құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында, атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке орналасу үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау академиясында алғашқы кәсіптік даярлықтан өту керек.
«Алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу де бірнеше кезеңнен тұрады. Іріктеуге конкурс жарияланған соң, азаматтар қажетті құжаттарын тапсырады. Әңгімелесуден өтеді, сондай-ақ, әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық және психофизиологиялық куәландырудан және полиграфологиялық зерттеуден өтеді. Академияда емтихан тапсырады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке кіретін тыңдаушылар үшін Академияда оқудан өту мерзімі - бес айды құрайды. Тыңдаушыларға Академияда оқу кезеңінде жатақхана беріледі, тамақтанумен қамтамасыз етіледі, стипендия төленеді,» деді Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің өкілдері.
Егер де, сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, Агенттіктің 1424 номеріне хабарлай аласыз.