Ақтау қаласында өңір жастарының теңіз саласына деген қызығушылығын арттыру мақсатында кіші архитектуралық нысан салынып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Нысан Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен және «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің жүзеге асыруымен берілген «Әлеуметтік жобаларды іске асыруға арналған шағын гранттар» аясында бой көтеруде.
Жоба авторы Ақтау қаласының тұрғыны Бегей Қамидоллаев «Штурвал - теңіз саласына қатысты кіші архитектуралық нысан» жобасы арқылы Ақтау қаласының теңізшілер қалашығы болуына үлес қосқысы келетінін айтады.
- Қазіргі таңда жоба 7-шағынаудандағы «Аққулар жағалауы» бойына орнату жоспарлануда. Кіші архитектуралық нысанды жасау барысында сапа мен сыртқы дизайнына назар аударылатын болады. Ерекшелік ретінде жарық шамдарымен әсемдеу көзделіп отыр. Жоба сәтті жүзеге асып, қала тұрғындарының оң пікіріне ие болса, алдағы уақытта жобаның ауқымды дамуы үшін «Теңізшілер аллеясын» салу ойда бар,- дейді Бегей Қамидоллаев.
Қазір архитектуралық нысанды орнату бойынша Ақтау қаласы әкімдігінен келісім алу жұмыстары жүргізілуде.