Жобаға сәйкес, «Қаламқас-Хазар» кен орнындағы алғашқы өндіріс 2028 жылдың соңында, теңіз платформасындағы құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында бастау алады деп жоспарланған . Бұл туралы бүгін Нұрлан Ноғаевқа «Қаламқас-Хазар Оперейтинг» ЖШС бас директоры Құрманғазы Есқазиев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің айтуынша, компания Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кен орнын игеруді жоспарлап отыр.
Мұнайдың алғашқы баррелі 2028 жылы өндіріледі. Теңіз платформасындағы құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында басталады деп жоспарланған. Ал жобалау жұмыстары 2023 жылы жүргізіледі.
– 6 ақпанда кен орнын игеру бойынша жетілдірілген үлгілік келісімшартқа қол қойылды. Жоба аясында 6 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылады. Жобаның бастапқы кезеңінде екі мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 4 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр, - деді Құрманғазы Есқазиев.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл ауқымды жоба Маңғыстаудың ғана емес, еліміздің экономикалық әлеуетін арттыратынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз мұнай саласындағы компанияларымыздың үлкен тәжірибесін пайдаланып, жаңа бастамаларды қолдауымыз керек. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік және жауапкершілік. Жоба әлемдік стандарттарға сай мамандар даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы мультипликативтік әсер береді. Бұл ретте мұнай компаниялары теңіз флорасы мен фаунасына зиян келтірмеуге баса назар аударуы керек, – деді Нұрлан Ноғаев.
ҚМГ-ның шетелдік стратегиялық серіктесі - ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясы. Құрманғазы Есқазиев атап өткендей, көмірсутек шикізатын өндіруге арналған кешенді жобалар бойынша жетілдірілген Үлгілік келісімшартты әзірлеуге қол жеткіздік.
– «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС компаниясы биыл «Қаламқас-теңіз»және «Хазар» кен орындарын игеру үшін арнайы құрылды. Президент тапсырмасының арқасында жетілдірілген үлгілік келісімшартқа қол қойылды. Жағалаудан 64 км қашықтықта «Қаламқас теңіз» құрылымында темір конструкциялардан теңіз платформаларын салу жоспарлануда. «Қаламқас теңіз» және «Хазар» құрылымдарындағы учаскеде жалпы қоры 81 млн тонна мұнай бар. Сонымен қатар Ақтауда кеңсе ашуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта Каспий теңізінің құрлықтағы бөлігінде де жұмыстар жүргізіледі, - дейді Құрманғазы Есқазиев.