Маңғыстауда биыл XIV рет 2006-2007 және 2009-2010 жылдары туған ұл-қыздар арасында жеңіл атлетикадан «Әминиада-2023» республикалық жарысы өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев хабарлады.
Әмин Тұяқов - КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. Ол 10 жыл бойы жеңіл атлетикадан КСРО құрама командасында өнер көрсеткен. Сонымен қатар КСРО чемпионаттарында 6 рет чемпион, 10 рет жүлдегер атанды. 14 рет КСРО Қарулы Күштерінің чемпионы атағын алған. ХХ ғасырдың ең мықты спортшыларының ондығына кірді. Дүбірлі дода танымал тұлғаның есімін әйгілеу, әрі өскелең өрендерге өсиеттеу мақсатында 2009 жылдан бері үзбей өткізіліп келеді.
- Маңғыстау облысында жеңіл атлетикамен облыс көлемінде 1418 адам айналысады. Оның ішінде «Балалар, жасөспірімдер»спорт мектебінде 212 спортшы қатысады. Жеңіл атлетика спорт түрінен өңір бойынша ұлттық құрама команда сапында 13 спортшы бар. Биыл Қазақстан Республикасының Чемпионатында 3 алтын, 5 күміс, 1 қола жүлдеге ие болды. Ал «Әминиада-2023» жарысына батыс өңірі қатысатын болады. Бүгінгі күннің өзінде 200-ге жуық спортшы жарысқа жазылды. Әлі де қатысушылар көбейеді деген ойдамыз. Турнирдің қонағы ретінде Әмин Тұяқов және жұбайы Алма Досымбаева келіп қатысады. Спортшыларға сәттілік тілеймін. Қатысушыларымыз түрлі биіктікті бағындырып, іріктеліп, еліміздің абыройын асқақтата берсін,-деді Қанат Жұмабаев.
Маңғыстау облыстық жеңіл атлетика спорт түрінен аға жаттықтырушы Дмитрий Славновтың айтуынша, іс-шарада 20 төреші қазылық етеді. Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен, Ақтау қалаларынан және Түпқараған, Қарақия,Мұнайлы, Бейнеу,Маңғыстау аудандарынан жиналған 9 команда белгіленген шақырымды жүгіріп өтпек.
- Жеңіл атлетика ерекше жаттығуды, өзіңмен жұмыстануды талап етеді. Маңғыстау өңірінде де бұл спорт түрі қарқынды дамуда. Осы спортпен шұғылданушылармен үнемі дайындық үстіндеміз. Турнир 100м, 200м, 400м, 800м, 1500м жүгіру, ядро итеру, найза лақтыру, ұзындыққа секіру және эстафета(4х300м,4х100м) бағдарламалары бойынша өтетін болады. Аталған іс-шара өте жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын,- деді Дмитрий Славнов.
Айта кетейік, дода 29-30 қыркүйекте өтеді. Жарысты «Маңғыстау Арена» спорт кешеніне сағат 11:00-ден бастап келіп, тамашалауға болады.