Маңғыстау облысында «Алғыс айту» күніне орай бірлікті, ауызбіршілікті, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында 100-ден астам мәдени шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Базаралиева
айтулы күнге орай Ақтау қаласындағы қарттар үйінде облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының концерті өтетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Алғыс айту – парызым!» мерекелік концерті мен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би тобының концерті ұйымдастырылмақ.
“Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрында «Перзентхана» қойылымы, 3 наурыз күні «Отпан» тарихи-мәдени кешенінде «Ақ жаулықты әжелер» атты кездесу кеші, М. Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда кіші симфониялық оркестрдің концерті ұйымдастырылады, - деді Гүлнар Базаралиева.
Сонымен қатар, облыстық музейлер мен кітапханаларда «Бұл әлемді әдемі ету үшін, жақсы сөздер айтыңыз» тақырыбында алғыс айту сағаттары, «Алғыс айту парызым!» кітап көрмесі мен «Мың алғыс» ертеңгілігі, «Жылы лебіз жан тебірентер» кездесу кештері өтеді деп күтіліп отыр.
“Мұндай мәдени шаралар Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған, Бейнеу ауданында да ұйымдастырылады,- деді Гүлнар Базаралиева.
Мәселен, Жаңаөзен қаласы бойынша «Алғыс айту – парызым» алғыс күніне орай апталық, «Алғысымыз шексіз!» атты әлеуметтік желіде челлендж эстафета, «Алғыс айтам бәріңе!» атты алғыс айту күніне орай мерекелік концерт, «Шын жүректен алғыс айтамын» тақырыбында мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық шарасы өтетін болады.