“Қазтрансгазаймақтың”өңірлік филиалында 200 миллионнан астам берешек үшін борышкерлерді орталық газбен жабдықтаудан ажырату жұмыстары басталды. Бірінші кезекте 51 миллионнан астам теңге қарызы бар Мұнайлы ауданының тұрғындары газдан ажыратылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұнайлы ауданында 12 000-ға жуық тұтынушы газ компаниясына 51 миллион 657 мың теңге қарыз. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі уақытта орталық газбен жабдықтау жүйесінен алты айдан бері төлемеген ауыл тұрғындары орталық газбен жабдықтау жүйесінен ажыратылуда. Кей отбасы 400 мың теңгеге дейін қарыз.
-“Коммерциялық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сату және пайдалану ережелерінің” 62-тармағының 3-тармақшасына сәйкес дебиторлық берешек болған жағдайда біз тұтынушыға газ беруді тоқтатуға мәжбүрміз. Тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ үлкен соманы төлемегендерге газды өшіреміз, - деді мекеме өкілі.
Мамандардың айтуынша, 35 мыңға жуық маңғыстаулық өңірдегі көгілдір отын тұтынғаны үшін төлемді кешіктірген. Олардың жалпы қарызы 223 миллион теңге. Газ компаниясының мамандары аймақ тұрғындарын коммуналдық қызметтерді уақытылы төлеуге шақырады.