Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында бірінші болып жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қахарман Бағынов Каспий теңізінің жағалауында орналасқан жер учаскелеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары туралы айтты.
"2023 жылы сот шешіміне сәйкес, біз теңіз жағалауындағы заңсыз берілген жалпы ауданы 4408 гектар 37 жер учаскесін мемлекеттің меншігіне қайтардық", - деді Қахарман Бағынов.
Мониторинг нәтижелері бойынша Ақтаудағы "Жылы жағажай" курорттық аймағында 37 жол салынатын жерде 201 жер учаскесі берілгені анықталды. Осы жағдайға байланысты қазіргі уақытта теңіз жағалауында бар болғаны 7 жол бар, қалған 30 жолды ашу үшін тиісті жұмыс атқарылып жатыр деп атап өтті спикер.
Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін алдағы оқу жылына арналған жұмыс жоспары бекітілгенін хабарлады.
"2023 жылы облыс бойынша 20 мыңнан астам педагогтың дипломдары құқық қорғау органдарына тексеруге жіберілді, нәтижесінде 7 педагогтың дипломдары жалған болып шықты. 2024 жылы 9 педагогтың білімі туралы құжаттары расталмады. Демек, олар қызметінен босатылды. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарынан 7 938 педагогтың дипломы бойынша жауап күтілуде", - деді Динара Жұмашева.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сыбайлас жемқорлыққа мүлдем жол берілмейтінін атап өтті.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ешқандай заңсыздық болмауы керек. Біз бәріміз заң алдында теңбіз және мұны бәрі білуі керек. Әсіресе, жер учаскелерін заңсыз беру мәселесін ерекше атап өткім келеді. Қалада әлеуметтік нысан салайық десек, жерлер сатылған болып шығады және қожайынының қаржысы жоқ болған соң, игерілмей тұрады. Біздің әрқайсымыз заңдардың орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Білім беру саласында да қатаң бақылау қажет. Мұғалімдердің дипломдарын бұрмалау фактілерінен басқа, біз білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, соның ішінде есепшілер бюджет қаражатын жымқыратын жағдайларды көріп жүрміз. Сот процестерінде басшылар өздерінің электрондық кілттерін басқа адамдарға бергені анықталып жатады. Естеріңізге сала кетейін, бірінші тұлғалар білім сапасы мен бюджеттен қаражатты тиімді жұмсауға толық жауапты", - деді Нұрлан Ноғаев.