Маңғыстау полицейлерімен тұрғындарды 6 миллион теңгеге жуық қаржыға алдап кеткен алаяқ құрықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс тұрғындары бірнеше дерек бойынша алдап кеткен алаяқ әйелге қатысты полицияға арызбен жүгінді. Алаяқтық іс-әрекетке барған азаматша жәбірленушілердің біріне “балық алып беремін” деп уәде етсе, енді бірін “жер тілімін алуға көмек беремін” деп алдап кеткен. Алаяқтың құрығына түсіп қалған бес жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 5 млн 711.000 теңгені құрап отыр.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен 36 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді. Бұдан өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін әзірге жария етілмейді.
Маңғыстау облысының полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын алаяқтардың айлаларынан аса сақ болуға шақырады.