Маңғыстау облысында шомылу маусымы аяқталды. Қорытынды бойынша өңірде 12 адам қаза тапқан. Оның 5-і жасөспірім. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы Төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, суда қаза болғандардың 8-і жабдықталмаған аймақта, 2-і тыйым салынған аймақта, ал 2 жағдай «Бриз» және «Монтажник» демалыс аймақтарында орын алған.
- Шомылу маусымына арнайы талдау жүргізілді. Талдау барысында суға батудың басты себебі өңірде туристер саны артып, су айдындарында демалушылардың көбеюі екені белгілі болды. Сол себепті жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне көп көңіл бөлінді. Яғни, оқу жылы аяқталғанға дейін оқу орындарында, су айдындарында сақтық шараларына қатысты 82 қауіпсіздік бұрышы орнатылды. Сонымен қатар 72 рет ата-аналар жиналысы өткізіліп, балалармен жеке 125 сынып сағаты, 261 ашық және 41 интерактивті сабақ өткізілді. Тұрақты негізде сыныптық және ата-аналық whats`app чаттарына жалпы саны 955 рет және 103 мыңнан астам адамды қамтумен су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы тиісті жадынамалар мен бейнероликтер жіберілді, - деді Нұрлыбек Айжарықов.
Сондай-ақ брифинг барысында спикер балықшыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
-Алдымызда аң және балық аулау маусымы келе жатыр. Балық аулау – бұл бір жағынан қызықты, бір жағынан қауіпті. Әдетте, адамдар суда қайықпен жүзеді де, құтқару құралдарын немесе су айдыны жағасында балық аулап жүргенде қауіпсіздік ережелері туралы ұмытып кетеді. Осыған орай Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтарына балық және аң аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің талаптарын еске саламыз, - деді Нұрлыбек Айжарықов.