
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің өкілдерімен кездесті. Жиында жылыту маусымына дайындық жұмыстары талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі, «КЖСА» МКК және «МАЭК» ЖШС мамандары жылыту маусымына дайындық бойынша жасалған жұмыстарды баяндады. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті.
Қала әкімі ПИК пен МИБ өкілдеріне тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі ысырмалардың (задвижка) дұрыс қосылуын тексеруді тапсырды. Сондай-ақ жауаптыларға тұрғындармен кері байланыс орнатудың маңыздылығын айтты. Әсіресе, «Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм чатында» тұрғындардан түсетін сұрақтарға тек қана әкімдік немесе құзыретті органдар ғана емес, әрбір мүлік иелері бірлестігі мен пәтер иелері кооперативінің өкілдері өз аумағы бойынша сұрақтарға жауап беруі керек екендігін жеткізді.
- Қала – баршамызға ортақ. Қоқыс, жылу мәселесі барлығымыздың жауапкершілігімізде. «Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм чатына» тұрғындардан жылыту маусымы, ыссы суға қатысты көптеген сауал келеді. Кері байланыс өте маңызды. Сондықтан тұрғындардың сұрағына бей-жай қарамай, әрбір мүлік иелері бірлестігі мен пәтер иелері кооперативінің өкілдері өз тұрғын-үйлері тұрғындарының сұрақтарына жауап беруі керек. Әрбір тұрғынның айтқан мәселесін назарға алып, нақты жауабын беру қажет. Сонымен қатар тұрғындармен кездесуді жылына бір рет емес, жиі өткізіп тұрыңыздар, - деді қала әкімі.
Мүлік иелері бірлестігінің өкілдері жауапты мекемелердің жертөледе жүргізетін жұмыстарының сапасына да көңілі толмайтынын жеткізді.
- 9 шағын аудан 29 үйдің жертөлесінде екі рет ақау болды. Мамандар келіп, жұмыстарын жасайды. Мен бақылап жүремін. Бірақ сапалы жасамайды. Құбырлардың сыртына неге изоляция жасамайды? - деді «9-29 Ақтау» мүлік иелері бірлестігінің өкілі Марат Ағатай.
Қала басшысы ескі жылу құбырларын жаңасына ауыстыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана құбырларда изоляция жасалатындығын айтты.
-Жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізілді. Содан кейін құбырларда ақау анықталды. Қазіргі таңда қалада ескі жылу құбырларын жаңасына ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар жүргізілгеннен кейін ғана құбырларға изоляция жасалады, - деді қала әкімі.
Кездесу барысында мүлік иелері бірлестігі мен пәтер иелері кооперативінің өкілдері тұрғын үй маңындағы коммерциялық нысандардың тазалықты сақтамау мәселесін де қозғады. Қала әкімі тұрғындардан қоқыс мәселесіне байланысты тиісті арыз түскеннен кейін, мамандар мониторинг жұмыстарын жүргізетінін айтты.
-Кәсіпкерлік кодекстің шектеулеріне байланысты негізсіз кәсіпкерлерден құжаттарын сұрай алмаймыз. Тұрғындардан қоқыс мәселесіне байланысты арыз түскеннен кейін мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Мониторинг барысында коммерциялық нысандардың қоқыс шығарушы мекемемен келісімшарты бар-жоқтығын анықтаймыз, - деді қала әкімі.
Жиында қалалық ТҮКШ бөлімі жылу желісін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.
-Ақтау қаласының 31А шағын ауданында жылу желісін қайта жаңарту бойынша «Ақтау қалалық құрылысы бөлімі» ММ-нің тапсырысымен жалпы ұзындығы 768,0 м жылу желісін жаңарту бойынша «Теплоэнергострой» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Бүгінгі таңда 272 метр құбыр нысанға жеткізілді. 700 метр құбыр траншеясы қазылды. Сондай-ақ 200 метр құбыр жүргізілді, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Жақыпов.