19 қазан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен құтқарушылар мерекесіне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Іс-шараға ТЖД қызметкерлері, сала ардагерлері қатысты.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев төтенше жағдайлар қызметінің қоғам өміріндегі мән-маңызын ерекше атап өтті.
- Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушыларының әр күнгі қажырлы қызметі құрметке лайық деуге саяды. Сіздердің өз кәсібіңізге деген зор жауапкершілігіңі мен адалдығыңыздың нәтижесінде қоғамда тыныштық пен қауіпсіздік орнығады. Бүгінде құтқарушылар қызметіне мемлекет тарапынан қолдау зор. Осы салаға бағытталған қаражат есебінен арнайы өрт техникалары, өр-сөндіру құрал-жабдықтар сатып алынуда. Сіздерді арнайы қажетті техника және құралдармен қамтамасыз ету бұдан әрі қарай да жалғаса бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан екі жыл бұрынғы жарлығымен Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылған болатын. Бұл осы саланың аса бағалы әрі қажетті екенінің тағы бір дәлелі. Елге деген қызметтеріңізде табандылық тілеймін. Сіздерге халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосқан жанқиярлық еңбектеріңіз үшін тағы да алғыс білдіремін, - деді Нұрлан Ноғаев.
Салтанатты басқосуда өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды облыс әкімі Алғыс хатпен марапаттады.
Деректерге сүйенсек, биыл Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға шығып 70 тен астам адамды құтқарған, көптеген адамдар қауіпсіз жерге көшіріліп, зардап шеккен адамға дәрігерге дейінгі медициналық көмектер көрсеткен.
Сондай-ақ өңірлік төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерін департамент бастығы, полковник Мұрат Мұханов құттықтады.
"Облыстың Төтенше жағдайлар департаментімен табиғи және техногенді төтенше жағдайларды алдын алу, аумақтық және ғаламдық төтенше жағдайларды жою, азаматтық қорғау іс-шараларды ұйымдастыру, облыстағы нысандардың өрт қауіпсіздігі жағдайына мемлекеттік бақылау жүргізу бойынша тапсырмалары орындалуда.
Ерлік, батырлық, жүректілік, барлық жағдайларда әртүрлі апаттармен күресуге, адам өмірін құтқаруға дайындығы – барлық кезде ТЖ қызметкерлерінің ерекше қасиеттер",-деді Мұрат Мұханов.