Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Пікір Сансызбаев ірі бизнес жобалардың өндірістік инфрақұрылымын жасақтау бағытында көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде мағлұматпен бөлісті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алайда мемлекет тарапынан қолдауға ие болу үшін жоба құнының арнайы талаптары бар.
- Нақтыласақ, жобаға құйылған инвестициялық қаржы көлемі 200 млн.теңгеден асуы қажет. Аталған шарт орындалған жағдайда мемлекет тарапынан 50 млн. теңге - 1 млрд.теңгеге дейін қолдау алу мүмкіндігі бар,- деді Пікір Сансызбаев.
Сондай-ақ, кәсіпкер бөлінген қаражатқа өндіріс нысанына аса қажет инфрақұрылымдық желілерді тарту, теміржол, байланыс және электр қуатымен жабдықтау желілерін жүргізу, сондай-ақ өзге қызметтерді іске асыра алады.
Сондай-ақ заман талабына сай сауда нүктелерін қосу үшін оның ауданы ірі қалаларда 3 мың, облысқа қарасты аудандарда 1 мың шаршы метрді құрауы тиіс.
Пікір Сансызбаев бұл бағытта 2021 жылы 2 жоба мемлекеттік қолдауға ие болғандығын айтты. Солардың бірі - Сансызбай Алимбаев.
-Мен 27-шағынауданда жекеменшік мектеп ғимаратын салдым. Инфрақұрылымдық желілерді жүргізу мақсатында осы конкурсқа қатысып, қаржылай қолдауға ие болдым. Бүгінде мектеп өз жұмысын сәтті жалғап келеді, - дейді жеке кәсіпкер.
Айта кетейік, қолдауды алу үшін кәсіп иесі бизнес-жоспарын, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін, жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасына жолдай алады. Толық ақпаратты 46-25-50 (1174) номерлеріне хабарласып біле аласыздар.