Қазіргі уақытта өңірде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекара аумағында орналасқан "Темір-баба" (Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы) және "Тәжен" (Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы) өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық жете жарақтандыру жобасы іске асырылуда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жобаны іске асырудың мақсаты - қазақстандық өткізу пункттерін қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жайластыру және жарақтандыру:
- өткізу пункттерінің өткізу мүмкіндігін, тиісінше көлік құралдарының санын және тауар айналымын ұлғайту;
- деректерді бақылау, байланыстыру, беру және алмасудың заманауи технологияларын енгізу;
- өткізу пункттерін жеке тұлғаларды, багажды, тауарлар мен көлік құралдарын бақылауды жүзеге асыру үшін жаңа жабдықтармен жарақтандыру.
Жаңғыртудың жоспарланған мерзімі - 19 ай.
Өткізу пункттеріндегі құрылыс 2023 жылдың наурыз айында басталды. Жобаны аяқтау 2024 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру шеңберінде өткізу пункттері оларды кесіп өтуді болдырмау мақсатында көлік құралдарының қозғалыс ағындарын бөлуді ескере отырып жайластырылатын болады. Сондай-ақ қойма үй-жайлары, автотұрақтар, карантиндік тұрақтар, ірі габаритті/ауыр салмақты көлік құралдары үшін бөлек жолақтар жабдықталмақ. Көлік құралдарының қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылады.
Өткізу пункттері автокөлік құралдарының тоқтаусыз қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған жүйесімен жарақтандырылатын болады. Бұл жүйе техникалық бақылау дәлізі болмақ. Ол арқылы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты автоматтандырылған режимде өту кезінде кедендік бақылаудың техникалық құралдарын (инспекциялық тексеру кешені, өлшеу жабдығы және т.б.) пайдалана отырып бақылау жүргізіледі.
Осылайша, жаңғыртудан кейін өткізу пункттерінің өткізу қабілетін 8-12 есеге арттыру және уақытты 1 сағаттан 25 минутқа дейін қысқарту жоспарлануда.
"Өткізу пункттерін жаңғырту" жобасын іске асыру өткізу пункттерін жаппай, бірақ автокөлік пен жеке тұлғалардың қозғалысын шектей отырып жүргізіледі.
Көлік құралдары мен жеке тұлғаларды өткізу өткізу пункттері аумағының бір бөлігінде жүзеге асырылады, ал құрылыс жүріп жатқан аумақтың қалған бөлігі қоршалған және өткізу үшін жабық.
"Осыған байланысты, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан, тасымалдаушылардан және басқа да мүдделі тұлғалардан тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өту кезінде осы шектеулерді ескеруді сұраймыз", - деді облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіндегідер.