1 қараша күні Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиевтің төрағалығымен аймақтағы жекеменшік білім беру ұйымдарының басшылары, облыстық білім басқармасы басшылығы және аймақтық Полиция департаменті өкілдері қатысқан кездесу өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуда ұйымдардағы бейнекамералар, дабыл жүйесі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы талқыланды.
Бейнебақылау камералары мен дабыл тетігін орналастырудың барлық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде болу қажеттілігі түсіндіріліп, осы жөнінде ұсыныс, пікірлер тыңдалды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасының басшысы Алимбет Смайловтың айтуынша, барлық білім беру ұйымдарының дабыл жүйесі полицияға тікелей қосылуы керек.
-Барлық білім беру мекемелеріне бірдей талап қойылуда. Ол мейлі жекеменшік немесе мемлекеттік болсын. Қазір облысымызда бейнебақылауға қосылуды жүзеге асыратын 10 нан астам мекеме бар. Ал дабыл жүйесін орнату бойынша айтарым - тек бір рет қана құрылғыны қондырасыз, сосын ол мекеме балансында қалады. Қазір полиция департаментінде бірегей платформа жұмыс жасайды. Білім беру мекемелеріндегі арнайы дабыл түймесін басқанда бірден полиция департаментіне шығады. Аталған құрылғыларды орналастырудың шарттары қандай дегенге келер болсақ, департамент балабақша, мектептерге қатысты қойылатын барлық талаптарды білім басқармасына жолдайды, олар сосын білім беру ұйымдарына жеткізеді. Бұл жұмыстар - ішкі істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен тапсырмасы, - деді полиция департаментінің өкілі.
Ақтау қалалық білім бөлімі басшысы Бағдат Тұрғанбаеваның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне мемлекеттік тапсырыс берілген соң бір жыл ішінде мониторинг жүргізілуі керек.
-Орталықтандырылған бейнебақылауға қосылу - мониторингтің бір критерийі ретінде белгіленгені жайлы тамыз айында айтылды. Мониторинг жүргізуге кәсіпкерлік, білім бөлімі, полиция департаменті өкілдері қатыстырылады. Заң мен талап бәріне ортақ, - деді Бағдат Тұрғанбаева.
Жиынды қорытқан Ұлықбек Тналиев әсіресе балабақша саласындағы қызмет сапасына жоғары талап қоюдың маңызын атап өтті.
-Кез-келген саладағы қызмет көрсету талапқа сай болуы қажет. Соны қадағалау біздің міндетіміз. Сондықтан, алдын ала осындай талқылау, басқосу жасап отырмыз. Әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар білім беру ошақтарында қауіпсіздікті барынша күшейту қажет екенін аңғартып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек» деген нақты тапсырма да берді. Бұл сала - барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз, - деді Ұлықбек Тналиев жиын соңында.