«Маңғыстау жастары» өңірлік бағдарламасын жалғастыру мақсатында облыс жастарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге қаражат бөлінді. Биыл бюджет саласының 80 жас маманы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, өңір бюджетінен қосымша қаражат кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес шағын орта бизнес кредиттерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау көлемі ұлғайтылды.
«Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты факторларының бірі инфрақұрылымды дамыту екені белгілі. Даму бюджетінің шығысы 41%-ға өсті. Бірінші кезекте республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізілген жобаларды аяқталатын немесе жалғасатын, жаңа 130 жобаны салуға және 59 жобаны ЖСҚ әзірлеуге қосымша қаржыландыру ескерілді. Оның ішінде өңірді ауыз сумен, жылумен, газбен және электр энергиясымен үздіксіз және сапалы жабдықтау мәселелерін шешу мақсатында басым жобаларға қаражат көзделген, - дейді Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова.
Бұдан басқа, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын одан әрі жақсарту мақсатында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауыл ішіндегі жолдарды салу, автомобиль жолдарын орташа жөндеу және әлеуметтік сала жобаларын аяқтауға және жалғастыруға қаражат жоспарланған.
Сессияда Нұрлан Ноғаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға бағытталған түпкі мақсаттарға қол жеткізу үшін жергілікті бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажеттігін айтты.
«Бюджетті тиімді пайдалану тек қаржылық стратегия емес, бұл халық алдындағы міндет. Уақыт пен ресурс – біздің ең құнды активіміз және біз оларды барынша тиімді пайдалануға міндеттіміз. Ақшаны игеру жеткіліксіз, бұл шығындар халықтың өміріне және жалпы қоғамның дамуына қалай әсер ететінін түсіну маңызды. Бюджетті тиімді пайдалану экономикалық өсуге ықпал етіп қана қоймай, тұрақты әлеуметтік дамудың негізін құрайды. Шығындар туралы әрбір шешім мұқият ойластырылып, азаматтарымыздың стратегиялық мақсаты мен қажеттілігіне негізделуге тиіс», - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.