«Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бригадасының базасында батальондық-тактикалық оқу-жаттығулар өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6 сәуір күні өткен оқу-жаттығулар үш кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде бригаданың жеке құрамы жауынгерлік дабыл бойынша көтеріліп, қару-жарақпен әскери техниканы роталық шоғырландыру ауданына шықты. Ал екіншісінде батальондық-тактикалық топ оқу-жауынгерлік міндеттің барлық элементтерін орындай отырып 100 шақырымдық жорық жасады. Сондай-ақ, үшінші кезеңде теңіз жаяу әскерлері 15 адамға дейін заңсыз қарулы құралымдардың ғимараттарын басып алып, дағдарыс ауданында арнайы-әскери іс-қимылдар сәтті жүргізілді.
Оқу-жаттығуды өткізудің негізгі мақсаты - батальонды жауынгерлік дайындық жағдайына келтіру кезінде штаб пен бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру, сондай-ақ командирлердің жеке басқару және жедел шешім қабылдау дағдыларын дамыту.
-Оқу-жаттығу шеңберінде бөлімшелер алғаш рет барлау-атыс және соққы кешендерінің, соның ішінде батареяға қарсы кешендердің құрамында тактикалық іс-қимылдың жаңа тәсілдерін пысықтайды. Батальондық-тактикалық топ командирлерінің мүддесі үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарымен күресуге арналған мобильді тактикалық топтар жұмыс істейтін болады. Оқу-жаттығуда дағдарыс жағдайында бөлімше командирлерінің шешімдерін өз бетінше қабылдауға ерекше көңіл бөлінді, - деді бригада командирінің жауынгерлік және арнайы даярлық жөніндегі орынбасары майор Шерхан Төкболаев.
Жаттығуға 1000-нан астам әскери қызметші қатысты. 130-ға жуық қару-жарақ пен техника оның ішінде танктер, бронетранспортерлер, артиллериялық зеңбіректер мен реактивті зымыран жүйелері, сондай-ақ зениттік қондырғылар жұмылдырды.
Айта кетейік, батальон-тактикалық топқа теңіз жаяу әскерлері батальонының құрамында инженерлік саперлік бөлімшесі, РХБ қорғау бөлімшесі, оқтарды тасымалдау бөлімшесі, миномет взводы, артиллериялық взвод, сондай-ақ екі зениттік қондырғы кіреді. Оқу-жаттығу 2023 жылға арналған жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.