Ақтау қаласының әкімдігі экологиялық айлық аясында «Жасыл үй» акциясын бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акцияға қатысуға көппәтерлі үйлердің тұрғындарынан 50 өтінім келіп түскен.
-«Жасыл үй» акциясы аясында тұрғындар өз ауласына көшет отырғызып күтім жасай алады. Науқан бойынша өтінім беруші 10 көшет тегін алады. Егер қала ішіндегі тұрғын үйлерде көгалдандырылып, ағаштар отырғызылса Ақтау жасыл желекке оранары сөзсіз. Науқанға өтініш қабылдау 31 наурызда аяқталды. Бүгінде барлығы 50 тұрғыннан өтініш түсті. Жақын арада өтінім берушілерге 500-ге жуық көшет табысталып, көппәтерлі үйлердің алдына отырғызылады,- деді қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Ғалымжан Серікбаев.
Сонымен қоса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында биыл 130 500 гүл, 3600 раушан гүлі, 292 сәндік бұта, 20 000 бұта, 4581 жапырақты ағаш, 2650 қылқан жапырақты ағаш отырғызу жоспарлануда.
Айта кетейік, қазіргі таңда қала аумағында шағын ауданның периметрі бойынша жасыл желектерді суару жұмыстары басталды. Ықшам аудандардағы жасыл желектерді суару кестесі жасалған, бұл жұмыстар сәуір айының соңына жоспарлануда.
Қала ішіндегі жасыл желектерді суаруға 31 жалдамалы су тасығыш және 10 бірлік жүк-жолаушылар көлігі жұмылдырылған.