Бүгін Форт-Шевченко қаласында балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекеге орай өткен арнайы кеште облыс әкімі Нұрлан Ноғаев балық шаруашылығының үздіктерін марапаттады.
Шараға балық шаруашылығының иелері мен осы бағыттағы кәсіпкерлер, балық шаруашылығы саласының ардагері мен Маңғыстау облысының ауыл және балық шаруашылығы басқармаларының басшылары қатысты.
Кешке жиналғандарға «Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Құрмет» грамоталары мен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың арнайы Алғыс хаты табысталды. Кеш аясында балық шаруашылғының бүгіні мен ертеңінен сыр шертетін көрме ұйымдастырылды.
Мерекелік шарада өңір басшысы балықшыларды атаулы күнімен құттықтап, облыста бұл саланың потенциалы жоғары екенін атап өтті.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге сапары барысында балық өсіріп, оны өңдейтін кәсіпорын құруға қолайлы жағдай жасау керек деп айтқан болатын. Бұған дейін балық шаруашылығының тарихы терең болса, қазір бұл сала қайта түлеп, қайта жандануда. Осы саланың жандануына арнайы «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітіліп, балық өсіру шаруашылығын субсидиялаудың бірнеше түрі бойынша мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған. Бағдарлама шеңберінде 2030 жылға қарай жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылығын кеңейтіп, өсірілген балықтың көлемін 100 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Мұнда балықшылардың, осы салада жүрген қызметкерлердің еңбегі зор. Бүгінгі мереке құтты болсын, еңбектеріңіз еле берсін, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Қазіргі таңда өңірде балық өсіру шаруашылығымен айналысатын 3 кәсіпорын бар. Бүгінде 40-қа жуық мамандар тұрақты қызмет етіп, жылына 60 тоннаға жуық тауарлы бекіре тұқымдас және тауарлы жайын тұқымдас балық түрлерін өсіріп келеді. Каспий теңізінің маңғыстаулық бөлігінде 17 табиғат пайдаланушы кәсіпшілік балық аулаумен айналысады. Оларда 169 бригада мен 811 балықшы тіркелген.
Сонымен қатар, салтанатты шарадан кейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Түпқараған ауданының тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады.