Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ҚК-нің 139-бабына сай алимент берешегі бойынша үш азаматтың ісі қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Балаларын асырап-бағуға қажетті төлем міндеттерін орындамай, жауапкершіліктен қашқан әкелердің бірі табысын әдейі жасырса, бірі мүмкіндігі болмағанын айтып әлек. Соттың үкімімен үшеуінің де 1 жылға дейін бас бостандығы шектеліп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылды.
Сот балаларына алимент төлемей, табысын жасырған тағы бір азаматқа үкім шығарды. Жыңғылды ауылының азаматы балаларына алимент төлемей, нақты табысын жасырған. Соттың тағайындаған жазасын ол тұрғылықты жерінде, яғни Жыңғылды ауылдық әкімдігіне қарасты аумақта көше тазалаушы боп өтейтін болады.
Ал Маңғыстау аудандық пробация қызметі бөлімінде қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазасын өтеп жатқан 30-дан астам сотталған есепте тұр. Жыл басынан бері 10-ға жуық тұлға мәжбүрлі еңбекке тартылған. Олар бас бостандығы шектелген, қоғамдық жұмысқа тартылған, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылғандар.