Ақтауда “Достық” үйінде Алғыс айту күніне орай бірқатар адамдарға арнайы марапат тапсырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салтанатты шарада жиналған жұртшылықты облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев құттықтап, табыс тіледі.
“Бүгінгі таңда қоғамда үлкен жұмыстарды атқарып, көзсіз ерлікке барған азаматтарға алғысымызды айтуымыз керек. Себебі, бұл адамдар медицина, өрт сөндіру, полиция, әскери сала, басқа да қызметтерде уақытпен санаспай кейде өмірін тәуекелге тігіп жатады. Осы арқылы олар қоғамға зор ықпалын тигізіп жатыр. Осы орайда баршаңызға ризашылығымызды айта отырып, алғымызды жеткізгіміз келеді. Сіздер күнделікті атқаратын еңбектеріңіз арқылы қоғамға үлкен үлес қосып жатырсыздар”, деді Ұлықбек Тналиев.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы елдің тәуелсіздігіне, қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстандық партиотизмді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарға марапаттарды облыс әкімінің орынбасары тапсырды. Олардың қатарында Ақтаудағы “Достық” әзербайжан этно-мәдени бірлестігінің директоры Шамсидин Гусейнов, МО Қазақстан Халқы ассамблеясы кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі Дмитрий Донских, төтенше жағдайлар департаментінің бас құтқарушысы Ермек Айдарбеков, Есімбек Ерболұлы, Деміш Қадырбаева, Фархат Балабаев, Ажарбике Сақтағанова, Аслан Есенғалиев, Айдос Ахметжанұлы сынды өңір азаматтарына арнайы алғыс хаттар берілді.
Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараның соңында өңір өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.